Қ.Тоқаев Digital Bridge 2023 халықаралық форумына қатысты

Қ.Тоқаев Digital Bridge 2023 халықаралық форумына қатысты

Жасанды интеллект, өмірдің ақиқатына айналды. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, тіршілігімізді түбегейлі өзгертті. Жасанды ақыл- ой жүйесінің жаһандық экономикалық үдерістерге де оң ықпалы тиюде.   

Сарапшылардың бағалауынша оның үлесі дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне тиесілі. Сондықтан аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында да тың серпін бере алады. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Digital Bridge» IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму әлеуеті талқыланған Орталық Азиядағы ең ірі форумда осылай деп мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-
Жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек. Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын.

Жаңа технологиялық шешімдерді қолдана отырып, саланы реттеу жағын ұмытпаған абзал. Президент ол үшін құқықтық негіз әзірлеу қажетігін атап өтті. Бұл алдымен отандық нарыққа халықаралық компанияларды тартуға септеседі. Мемлекет басшысы  Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырды. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты танымал компанияларды тартуға болады. Келесі қадам жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-
Келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл шаралардың бәрі жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын стартаптарымыздың Қазақстанда және әлемде сұранысқа ие, мүлде жаңа IT шешімдер жасауына мүмкіндік береді.

2025-ші жылға дейін 5G желісін кең көлемде ендіру, венчурлық капитал нарығын дамыту, Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру инновацияның дамуына тағы бір маңызды қадам болмақ. Ол үздік сарапшылар тартатын біртұтас экожүйе қалыптастыруға серпін бермек.