Қазақстан мен Ресей Президенттері Мәскеуде келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Ресей Президенттері Мәскеуде келіссөз жүргізді

Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде келіссөз жүргізді. Оның алдында Қазақстан Президентін Кремльдің Георгий залында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Екі елдің ұлттық әнұрандары орындалды. Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар өзара ынтымақтастығымыздың мәні екенін атап өтті. Барлық туындайтын сұрақтар өз шешімін табады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Біз үшін Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық.


Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:


- Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады.


Бұдан кейін Президенттер екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда одан арғы серіктестіктің мән-жайын талқылады. Тараптар арадағы экономикалық байланыстар кеңейіп келетінін атап өтті. Осылайша, биылғы 9 айда екіжақты тауар айналымы 20 млрд долларға жетті. Енді өзара сауданы 30 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей бірлескен 175 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл шек емес, өзара іс-қимыл көлемін арттыру әлеуеті жоғары. Тараптар одан әрі бізнес жүргізуге қажетті жағдай жасауға уағдаласты. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасы қабылданды. Энергетика саласы бойынша әріптестік құру келіссөз арқауына айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта «Росатоммен» еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, мұнай-газ, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайту келісілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келістік. Трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсарту, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екенін атап өттік. «Трансалтай диалогы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниеттіміз.

Білім беру саласындағы байланыстарға да басымдық беріліп келеді.  Бүгінде Ресейдің 9 жоғары оқу орны Қазақстанда филиалдарын ашты. Ал көрші елде 60 мыңнан астам отандастарымыз білім алуда. Өзара мәдени ынтымақтастық та дамып келеді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды. Сондай-ақ, тараптар Ақтауда Ресейдің бас консулдығын ашу, Союз-5 және Бәйтерек кешенінің ұшу сынағын жүргізу үшін мемлекетаралық комиссия құру сынды бірқатар  келісім жасасты.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?