Әскерлерді қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерге бірлесіп қарсы әрекет ету. Парламенттің төменгі палатасының депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжат ратификацияланғаннан кейін 1994 жылғы 28 наурыздағы қос ел арасындағы әскери ынтымақтастық туралы қолданыстағы шарт өз күшін жояды. Депутаттарға заң жобасы бойынша баяндама жасаған еліміздің Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов 1994 жылғы жасалған шарттың ережелері ескіргенін атап өтті. Мақұлданған құжат әскери дайындық, бітімгерлік қызмет, әскери білім мен ғылым және тағы да басқа бағыттарда әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Дарын Тұяқов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Құжатты ратификациялау қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде әскерлерді қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерге бірлесіп қарсы әрекет ету, сондай-ақ халықаралық ұйым, мәдениет, спорт аясында өзара әрекеттесу және басқа бағыттарда әскери ынтымақтастық жасауға мүмкіндік береді. Ресей – Қазақстанның стратегиялық әріптесі.
Авторы: Ақзер Сегізбай