Қазақстан мен Өзбекстанды жаңа теміржол жалғайды

Қазақстан мен Өзбекстанды жаңа теміржол жалғайды

Қазақстан мен Өзбекстанды жаңа теміржол байланыстырады. Түркістан облысында 152 шақырымға созылатын жаңа Дарбаза – Мақтаарал желісінің құрылысы басталды. Телекөпір режимінде құрылысқа Премьер-Министр Әлихан Смайылов бастама берді. Бұл жоба Орта Азия мен Оңтүстік Азияға жаңа бағыт ашып, жол қысқартады. Сонымен қатар Өзбекстанға экспорт көлемін едәуір арттырады. Екі ел арасындағы жүк тасымалы жыл басынан бері 16 млн тоннаға жуықтағанын атап өткен жөн.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-
Өткен жылы теміржолдармен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, ол 245 млрд тонна-километрді құрады. Мұндай қарқындар геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр. осы жылдың соңына дейін Өзбекстанның қатысуымен жүктерді тасымалдау көлемі шамамен 31 млн тоннаны құрайды деп болжануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артық. Осы учаскенің өткізу қабілетін кеңейту, сондай-ақ еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыру үшін ірі теміржол жобасы – Дарбаза – Мақтаарал жаңа желісін салуды бастаймыз.

Жаңа теміржол құрылысы 3 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі 85%-ті құрайды. Сондай-ақ Түркістан облысындағы шалғайда орналасқан Мақтаарал мен Жетісай аудандарын теміржолмен байланыстыру арқылы өңірдің дамуына тың серпіліс береді.

Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары:
-
9 станция салынады. Бұл теміржол Қазақстаннан осы аудандарға және сол аудандардан Қазақстанға жүктердің тікелей жіберілуін қамтамасыз етеді. Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстанға келетін жүктер осы жолмен тезірек өтеді. Осының арқасында жүк тасымалының көлемі 2030 жылға қарай 10-14 млн тоннаға артады деп отырмыз. Ал, 2040 жылға дейін 20-25 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.

Айта кетер жайт, Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту аясында Үкімет теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Достық – Мойынты учаскесінде екінші жол және Алматы айналма жаңа теміржол құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада Қытаймен үшінші халықаралық торапқа шығатын Бақты – Аягөз жаңа т/ж желісі бойынша жұмыстарды бастау жоспарланып отыр. Барлығы үш жыл ішінде ел аумағында 1 300 шақырымнан астам теміржол салынады.