Қазақстан мен Оман ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті

Қазақстан мен Оман ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті

Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидиді қабылдады. Мемлекет басшысы Оманды еліміздің сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі деп атады. Сондай-ақ, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенін жеткізді. Кездесу аясында көлік-логистикалық, ауылшаруашылық, мәдени-гуманитарлық және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті, сонымен қатар қос жаққа тікелей әуе қатынастарын ашу мәселесі талқыланды. Бұған қоса тараптар әңгімелесу барысында өңірлік қауіпсіздікке және көпжақты ұйымдар аясындағы ықпалдастыққа қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанына сәлемін жолдап, оны елімізге сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанның Оман мемлекетіне құрметі ерекше. Сіздің еліңізге азаматтарымыздың, соның ішінде кәсіпкерлердің, мәдениет қайраткерлерінің қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан ынтымақтастығымызды жан-жақты және табысты ете түсу үшін оған тың серпін беру қажет.

Бадр Әл-Бусаиди, Оман Сыртқы істер министрі:

– Қазақстанның дамуына зор қызығушылықпен қараймыз. Еліңіз бен халқыңыздың игілігі жолында атқарып жатқан ауқымды реформаларыңыз бізді қайран қалдырады. Қазақстан экономикасының өсу қарқыны, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін еліңіздің осы аймақтағы тату көршілік байланыстарды нығайтудағы негізгі рөлі мен ықпалы таңғалдырады. Әділдік пен баршаға ортақ бейбітшілікке, қауіпсіздік пен өркендеуге бағытталған сыртқы саясаттағы ұстанымыңызды жоғары бағалаймыз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?