Қазақстан мен Бельгия дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығын атап өтуде. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігі хабарлайды. Аталған уақыт ішінде екіжақты ынтымақтастық сан салада қарқынды дамыды. Бельгия – Еуроодақ елдерінің арасында Қазақстанның маңызды сауда әріптестерінің бірі.
«Былтыр өзара сауда көлемі 419 млн доллардан асты. Бельгиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны 2021 жылы 1 млрд долларды құрады. Бүгінде республикада Бельгия компанияларының қатысуымен 70-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді», делінген сыртқы істер министрлігінің ақпаратында.
Саяси және экономикалық байланыстармен қатар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та жемісті дамып келеді.
«Бельгия оқырмандарына Қазақстан жазушыларының француз және нидерланд тілдеріндегі көптеген еңбектері, соның ішінде қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы ұсынылды. Қазақстан театрларында Бельгия жазушысы әрі драматург Морис Метерлинктің шығармалары бойынша қойылымдар үлкен жетістікпен өтуде».
Қазақстан мен Бельгияның 30 жылдағы сындарлы өзара іс-қимылы екі ел азаматтарының игілігі үшін табысты және өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне айналды, делінген хабарламада.