Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен
телефон арқылы сөйлесті. Бауырлас елдердің көшбасшылары өзара сауда-экономика, көлік-логистика
және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың қарқынды түрде дамып келе
жатқанына назар аударды.
Қазақстан Президенті қазақ-қырғыз қарым-қатынасының оң динамикасына
тоқталып, оған тұрақты саяси диалог, екі ел үкіметтері мен іскер топтары
арасындағы белсенді ықпалдастық септігін тигізіп отырғанын атап өтті. Қасым-Жомарт
Тоқаев Садыр Жапаровқа елімізде Конституциялық реформа жүргізіліп жатқанын
айтты. Қырғызстан Президенті Қазақстандағы ауқымды өзгерістерді қолдайтынын
мәлімдеді. Мемлекеттер басшылары өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде ортақ
пікірде екенін жеткізді.

