ШЫҰ төрағалық кезіндегі Қазақстанның басым бағыттары

Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен ұйымның халықаралық беделін нығайту – басты назарда. Дәл осы мәселелер бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы кезінде Қазақстан қажырлы еңбек атқарды. Бір жыл ішінде ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтсақ, елдердің экономикалық әріптестігі мен мәдени байланысы біршама ілгеріледі. Одан бөлек, «Үш зұлмат» – терроризм, экстремизм және есірткі айналымына қарсы күрес үшін ынтымақтастық та жолға қойылды. Өз жұмысында Қазақстан ұйымның жаһандық беделін жақсарту және барлық ұйым елдерінің арасында достық пен көршілік қатынасты нығайту мәселелерін шешуге ықпалдасты. Одан бөлек, еліміз өзге ірі халықаралық ұйымдар және құрылымдармен тығыз әріптестік орнатуға көп күш жұмсады. Мұндай бастама тегіннен-тегін көтерілген жоқ. Ол бірқатар жаһандық климаттық өзгеріс, энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелерін шешуге бағытталады.  

Мұрат Мұқышев, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, ШЫҰ жөніндегі ұлттық үйлестіруші: 

– Бір жыл ішінде біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының БҰҰ мен оның ішіндегі салалық құрылымдар, мәселен, БҰҰ-ның қоршаған орта бағдарламасы, есірткі мен қылмыс басқармасымен әріптестікті ілгерілетіп, тиісті шаралар өткізуге мұрындық болдық. Осы шараларды қорытындылай келе, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аралығында әріптестік бойынша Бас Ассамблеяның резолюциясы қабылданды. Одан бөлек Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ-ның қоршаған орта бойынша бағдарламасымен меморандум орнатылды. Осылайша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы байланыс орнатқан халықаралық ұйымдардың қатары 16-ға жетті.