Қазақстан мен Италия арасында 10 меморандумға қол қойылды

Қазақстан мен Италия арасында 10 меморандумға қол қойылды

Астанада өткен «Қазақстан-Италия» іскерлік форумында құны 180 млн еуро болатын 10 меморандумға қол қойылды. Тараптар машина жасау, мұнай-химия, агроөңдеу, металлургия саласы және логистикалық үрдістерді цифрландыру бағытында ынтымақтастық аясын күшейтуге ниетті. Бірқатар келісім еліміздің аумағында бірлескен өндіріс ошақтарын ашуды көздейді. Жаңа өнімдерді Қытай, Еуропалық Одақ және Орталық Азия нарықтарына шығару көзделіп отыр. Форум алаңында сауда-саттықты күшейту жөнінде тың бастамалар көтерілді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі жақты тауар айналым 25% жуық өскен. Ендігі мақсат - жетістікті еселеу.

Айтмұхамед Алдажаров, «QAZTRADE» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры:

- «QAZTRADE» бүгінде «Италиямен жасалған» атты бастамасын қолға алмақшы. Бұл - біздің өнімдерімізді Италия нарығында танымал ете түсудің қамы. 2024 жылы біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 19 млрд доллардан асты. Былтыр біз шикізат, мұнай, астық, ұн өнімдерін жеткіздік. Кері бағытта негізінен машина жасау саласының бұйымдарын импорттадық.

Тараптар Қазақстан-Италия серіктестігі екі жақты қарым-қатынастың жаңа көкжиегін ашатынына сенімді. Бұл жаһандық сын-қатерлерге сәйкес экономикалық стратегияларды үйлестіруге және технологиялармен алмасуға серпін береді.

Антонелло де Риу, Италияның Қазақстандағы елшісі:

- Бұл күн біз үшін өте маңызды. Бүгін түрлі бағыттар бойынша бірқатар меморандумға қол қойылды. Құжаттар тек мұнай және газ, мұнай химиясы саласына ғана тиеслі емес. Біз үшін су ресурстарын басқару мен агроөнеркәсіптік кешен саласында да ынтымақтастықты күшейту маңызды. Біз жоғары сапа стандарттарына сәйкес келетін қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен көлемде сатып алуды жалғастыруды көздеп отырмыз. Италия екіжақты сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниетті.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?