Астанаға Иран президенті ресми сапармен келді. Ақордада
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Масуд Пезешкианды қарсы алды. Мәртебелі
мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп,
Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады. Кейін елдер
көшбасшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы Иран – Қазақстанның
сауда-экономика саласындағы өте маңызды серіктесі екенін атап өтті. Биылғы 10
айда ғана көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 40% артты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыра түсуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Инвестиция – ұзақ мерзімге арналған серіктестік кепілі. Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы бар. Бұл компаниялар негізінен өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Қазақстанның іскерлік қауымдастығы да Иран экономикасына инвестиция салуда. Кәсіпкерлеріміз тау-кен, көлік-логистика, азық-түлік өндірісіне қатысты түрлі жобаны жүзеге асырып жатыр.
Қазақстан мен Иранның көлік-логистика саласындағы өзара байланысын күшейтудің әлеуеті мол. Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын тиімді пайдалану керек дегенді алға тарттады. Мәселен қазіргі таңда Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85% Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін және Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытын дамытудың мән-маңызы ерекше. Үстіміздегі жыл басынан бері аталмыш бағыттар арқылы тасымалдау көлемі 53% артқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Бұл – екі елдің
мүддесіне сай келетін маңызды жоба. Қазақстан теміржолдарды жаңғырту, көлік
жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы өтетін кеме қатынасын жандандыру
жұмысын қолға алды. Иран инвесторларын осы бастамаларға атсалысуға шақырдық.
Қызығушылық білдірген жеке сектор өкілдеріне арнайы ұсыныстар дайындап, қолайлы
жағдай жасауға әзірміз. Біз Иранды Оңтүстік Шығыс Азияға және Африка құрлығына
шығатын «қақпа» ретінде қарастырамыз.
Ауыл шаруашылығы ынтымақтастықтың маңызды саласының бірі. Былтыр Қазақстаннан Иран нарығына 500 мыңнан астам тонна арпа жеткізілді. Оның көлемін бірнеше есе көбейтуге мүмкіндік бар. Еліміз Ислам Республикасына жалпы құны 200 млн доллар болатын тауар тасымалдауға дайын. Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру әлеуетіне назар аударылды. Президенттер өңіраралық және мәдени-гуманитарлық байланыстар қашанда екі ел қарым-қатынасының алтын көпірі саналатынына тоқталды.
Масуд Пезешкиан, Иран Ислам Республикасының Президенті:
- Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Үкіметаралық, ведомствоаралық ықпалдастық жолға қойылған. Көптеген халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша қос мемлекеттің ұстанымы ұқсас. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында тығыз әрекет етеміз.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдап, 9 құжатқа қол қойды. Олардың бірі Қазақстан
Президентiнiң телерадиокешенi мен Иран радиохабар тарату және телевизия ұйымы
арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

