Жеңіл өнеркәсіптен бастап
медицина мен цифрлық шешімдерге дейін. Қытайдың Цзянсу провинциясы ең ірі сауда
павильонын Астанада көрсетті. Іс шара EXPO coods
Central Asia форум-көрмесінде ұйымдастырылды. Цзянсу - аспан асты еліндегі
экономикасы дамыған аймақтардың бірі. Онда ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік
инновациялар үйлесім тапқан. Осы жетістіктерді компаниялар келушілер назарына
ұсынды. Көрмеде бұдан басқа Пәкістан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қазақстан,
Иран, Латвия және Эстониядан келген 150-ден астам өндіруші өз өнімдерін
таныстырды. Мұнда жиналғандар өзара диалог орнатты. Басқосу инвестиция, ұзақ
мерзімді келісімшарттар мен іскерлік серіктестікті кеңейту алаңына айналды.
Хан Чунлинь, Қытай Халық
Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:
- 2024 жылы Қытай мен
Орталық Азия елдері арасындағы сауданың көлемі 94,8 млрд долларға жетті. Бұл
2023 жылмен салыстырғанда 5,4 млрд долларға артық. Қытайлық компаниялар Орталық
Азияға бағытталған инвестицияларын біртіндеп әртараптандырып жатыр. Энергетика
мен инфрақұрылымға инвестиция көлемін арттыруда. Сонымен қатар, олар ауыл
шаруашылығы, өндіріс, жоғары технологиялар және басқа салалардағы ынтымақтастық
үшін мүмкіндіктер қарастыруда.
Жиналғандардың айтуынша, Орталық Азия жаңа экономикалық бірлескен
шешімдерге дайын. Қазақстан - өңірдегі тұрақты сауда орталығы. Сондықтан кооперациялық
форматтар үшін даму алаңына айналды. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында аймақ
елдері өзара тиімді ынтымақтастық пен қолдауға негізделген тығыз байланыстар
құруға мүдделі.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- 2024 жылы Қазақстан
мен Орталық Азия елдері арасындағы тауарайналымы 7,6 млрд млрд АҚШ долларын
құрады. Бұл ретте жоғары қосылған құны бар өңделген өнімдер үлесі артып келеді.
Бұл өзара сауданың сапалы дамуының және өңірдің неғұрлым тұрақты әрі әртараптандырылған
экономикаға көшіп жатқанының дәлелі.

