Астанада сарапшылар жасанды интеллектіні дамыту әлеуетін талқылады. Мамандар саланы реттеу мен нейрожелілерді қолданудың этикалық негіздерін құрудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Аталған шараға Қазақстан және Француз мамандары қатысты. Кездесуде Парижде өткен жасанды интеллект жөніндегі халықаралық саммиттің қорытындылары сараланып, екі елдің осы бағыттағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту келешегі талқыланды. Тараптар қазақстандық Alem.AI халықаралық орталығы шеңберінде Tomorrow School жобасын іске асыруға ниетті. Бұл ретте француз білім беру платформасы жасанды интеллект саласында тегін білім алу үшін бірегей мүмкіндік ұсынады. Еуропа елінің Қазақстандағы елшісі Сильване Гиоге бұл бастама екі ел арасындағы академиялық байланысты нығайтудың жарқын үлгісі деп отыр.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы елшісі:
- Француз компаниялары жоғары академиялық деңгейде білім алған қазақстандық студенттерге қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, француз тарапы Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі. Себебі елде мемлекеттік деңгейде инвестициялық саясат қалыптасқан. Жасанды интеллект қомақты капитал салуды талап етеді. Қазақстан өзінің ғылым-білім саласы, өнеркәсіп, сондай-ақ Астананың қарқынды дамуының арқасында инвестициялар үшін аса тартымды ел.
Қаныш Төлеушин, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі:
- Қазақстан үшін Парижде өтетін жасанды интеллект саласындағы іс-қимылдар жөніндегі дәстүрлі саммитке қатысу маңызды. Сонымен қатар, осы бағытта жаһандық серіктес атану мол мүмкіндіктер ашады. Бұл заманауи платформа арқылы өзара ой алмасып, нормативтік тәсілдерге қатысты жинақталған озық тәжірибемен бөлісеміз. Қазақстан қазір жасанды интеллект туралы заң әзірлеп жатыр. Сондықтан елімізде нейронды желілерді ілгерілету үшін үздік әлемдік тәжірибелерді ескеру қажет.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

