Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті. Бұл ретте өнім түрлерін ұлғайту көзделіп отыр. Айта кетейік былтыр тараптардың тауар айналымы 633 млн долларды құраған ҚР Премьер-Министрі мен БАӘ Министрлер кабинеті істері жөніндегі министрі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Әлихан Смайылов пен Мұхаммед Әл-Гаргауи екі жақты сауда-экономикалық әлеуетпен қатар инвестициялық ынтымақтастық, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе алмасу қадамдарын жан-жақты пысықтады. Мәселен, өткен жылы Әмірліктер Қазақстан экономикасына шамамен 420 млн доллар инвестициясы құйған. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл көршеткіш 400 млн доллардан асты. Еліміздің үкімет басшысы алдағы уақытта барлық басымды бағыттарда әріптестік аясын кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Гаргауи Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән беретінін баса айтты.