Елімізде «мүгедек» терминін «мүгедектігі бар адам» деп өзгертіп, мүгедектігі бар баланы санаториялық-курорттық емдерге алып жүретін адамға жолдама құнының 70% өтеу қарастырылуда. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедектігі бар адамдарға бірінші кезекте қызмет көрсету көзделіп отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жәмилә Нұрманбетова мәлім етті.
Айта кетейік, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар 75 заңнамалық актіге, 11 кодекске және 64 заңға енгізіледі.Заң жобасына бір топ Парламент депутаттары бастамашылық жасаған.
Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды жекеше нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтерде ақы төлеуден босатылған адамдар санатына енгізу және мүгедектігі бар адамдар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін басқа да нормалар көзделеді. Сондай-ақ Қазақстан аумағында анықталған адам саудасының құрбаны болған шетелдіктерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі нормалар ескерілген.