Бабалар ізімен саяхат! Қазақстанда тарихи жерлерді насихаттауға арналған туристік бағыттарды дамыту ісі белсенді жүргізілуде. Шетелдік қонақтар мен қазақстандықтар кезінде кең байтақ еліміздің бүгінгі территориясын толықтай қамтыған Алтын Орда тарихына үлкен қызығушылық танытады екен. Еңселі Орда аумағы Талдықорғанның шығыс бөлігінен басталып, Астрахань өңіріне дейін созылған.
Жақсылық Сәбитов, тарихшы:
- Қайлықтан бастап Саксинге дейінгі Ұлы Жібек жолының солтүстік бағыты Қазақстанның аумағы арқылы өткені баршаға мәлім. Жетісу арқылы Сырдария бойындағы қалалар, кейін бүгінгі Атыраудың солтүстік бөлігі аумағы арқылы Сарайшық қаласына барып, одан соң Волганы жағалаған Саксинге дейін жеткенін айғақтайтын осы бір көне тарихи кезеңнің жұрнақтары сақталған.
Алтын Орданың өткенін түгендеп, тарихи кезеңдеріне үңілу үшін Ұлытауда арнайы визит орталықтары мен мұражайлар құрылған. Тарихи мекендерді саяхатшыларға аралау жайлы болуы үшін мұнда барлық жағдай жасалып, инфрақұрылым жаңартылған. Өскелең ұрпақ тамыры терең тартқан өткенін танып, сырттан келушілерге бай тарихымыздан сыр шертетін жобалар қолға алынған.
Ернұр Кенжебеков, «Kazakh tourism» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:
- Өткен жылы біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп оқушыларға арнайы танымдық сабақтар ұйымдастыру үшін Жол картасын әзірледік. Мақсат – өскелең ұрпақ бойына рухани тәрбие сіңіру үшін тар сыныптарда емес, ашық аспан астында тақырыпқа қатысты тарихи орындарда сабақ өткізу. Биыл да біз осы тәжірибені жалғастыратын боламыз. Оқушыларға Алтын Орда тарихынан терең білім беру үшін Ұлытау аумағында танымдық сабақтар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Саяхаттаушылар Ұлытау өңірімен қатар Атырау өлкесінің аумағында да ұлы мемлекетке қатысты тың тарихи деректермен таныс бола алады. Бұл қасиетті жерлердің қойнауында орта ғасырларда билігі үстем болған Алтын Орда кезеңінің сырлы жұмбақтары сақтаулы.
Жақсылық Сәбитов, тарихшы:
- Бұл біздің мемлекеттігіміздің түп тамыры құрылған кез деп айтсам, қателеспеймін. Жалпы генетикалық тұрғыда антропология болсын, саясат, мәдениет, фольклор жағынан алып қарасақ та Қазақ хандығы Алтын Орданың тікелей ұрпағын жалғастырушысы деп білуіміз керек. Біздегі барлық институттық жүйе дәл сол кезеңнен бастау алып, әлі де лайықты жалғасын тауып келеді.
«Мұндай туристік бағыттарды дамыту жергілікті азаматтармен қатар, шетелдік саяхатшылардың ағынын арттыруға серпін беретін болады», – дейді мамандар. Сарапшылар Қазақстанның этно, тарихи-мәдени туризм салалары бойынша әлеуеті зор екеніне сенімді. Сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштердің инфрақұрылымын жаңғырту осы салада бизнестің дамуына да ықпал ететінін айтады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов