Бүгіннен бастап Қазақстан картасында ресми түрде үш жаңа облыс пайда болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 мамырдағы қаулысына сәйкес. Олар: Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары. Құжат бүгін, яғни 8 маусымда заңды күшіне енді.
Жаңа облыстың бірі Ұлытау құрамына 3 қала мен 2 аудан еніп отыр. Орталығы Жезқазған қаласы. Халық саны 200 мыңнан асады. Қазіргі таңда мұнда инфрақұрылымдық, жол жөндеу мәселелері бойынша жұмыстар қызу жүргізілуде. Сонымен қатар қазір мемлекеттік органдарды орналастыру бойынша мемлекеттік комиссия құрылған. Жоспарға сай облыс әкімдігі бұрынғы қала әкімдігінің ғимаратына қоныстанып, алдағы 3 жылда жаңа ғимаратқа көшеді. Биыл жобалық – сметалық құжат жасақталса, алдағы 3 жылда жоспар жүзеге асады.
Нұржан Орынбаев, мемлекеттік органдарды орналастыру бойынша комиссия Төрағасы:
– Жезқазған қаласының батыс тұрғын үй аумағында жаңа қалалық әкімшілік орналасатын болады. Онда 7 ғимарат салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ Жезқазғанға көшіп барып тұратын мемлекеттік қызметкерлерге 162 мың шаршы метр тұрғын үй салу керек. Сондай-ақ 31 млрд теңге сомасында инженерлік инфрақұрылым тарту керек болады.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы бүгіннен бастап Семей өңірінсіз дамиды. Жаңадан құрылған өңірдің еншісінде Семей және Курчатов қаласы мен 8 аудан бар. Ал Шығыс Қазақстан облысына Өскемен мен Риддер қаласы және 9 аудан қарайды. Осылайша бұрын бір жерден басқарылған екі аймақ енді өз еншілерін алып, шекарасын шегендеп, көрші облыстарға айналды. Абай облысының территориясына бір жазда миллионнан астам турист демалатын Алакөл, өндірістік қарқыны мықты Ақтоғай, Бақыршық, Жезкент кен орындары кіреді.
Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:
– 2015 жылдан бері ол өлкеде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5 есе өсті. Яғни 184 миллиард теңгеден қазір 898 миллиард теңгеге жетті. Оның үстіне Ақтоғай, Бақыршық секілді ірі кен орындары мен Алакөлдің Абай облысы аумағында болуы аймақ экономикасын көтеретіні сөзсіз.
Алматы облысы құрамынан бөлінген Жетісу облысына - 8 аудан және Талдықорған мен Текелі қалалары кірді. Облыс орталығы – Талдықорған қаласы. Сондай-ақ, жарлыққа сәйкес, Алматы облысының орталығы бұдан былай Қонаев қаласы.