ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясында мәлімдеді. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ мемлекет басшысы халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін.
Кездесу қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады.