Террористік шабуылдардың түпкі мақсаты – елде тұрақсыздық орнатып, мемлекеттік төңкеріс жасау. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мәлімдеді. Оның пікірінше, елге гибридті террористік шабуыл жасалды. Яғни бір топ адам бір уақытта республиканың бірнеше қаласында түрлі нысанға тұтқиылдан тап берді. «Мұндай іс-қимылдарды үйлестіруге ықпалды ішкі және сыртқы деструктивті күштер сөз байласқаны анық», - деді Мемлекеттік хатшы.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Мұны «тәртіпсіздік» деуге келмейді. Мен 20 жыл бойы терроризм мәселесімен айналысып келемін. Бірақ қанша зерттеу жүргізсем де, топтың қалаларға бір мезетте шабуыл жасай алатындығын, оның ішінде мақсатты түрде мемлекеттік маңызы бар нысандарға шабуыл жасап, қиратқаны есімде жоқ. Бұл – шын мәнінде жаңа құбылыс. Ол арнайы қызметтер мен сарапшылар үшін сынақ болып табылады. Біз кез келген мемлекетке осындай сценарий қолданылуы мүмкін екенін түсінуіміз керек.