Қазақстан Италияға 900 млн долларға өнім экспортын арттыруға дайын

Қазақстан Италияға 900 млн долларға өнім экспортын арттыруға дайын

Қазақстан Италияға жалпы құны 900 млн доллар болатын 110 тауар позициясы бойынша өнім экспортын арттыруға дайын. Бүгінгі таңда Италия еліміздің әлем бойынша сауда серіктесінің Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналым 55%-ке өсіп, АҚШ валютасымен есептегенде 15 миллиардты құрады. Сонымен қатар Италия Еуропалық одақ елдері қатарынан Қазақстан экономикасының тұрақты ірі инвесторлар бестігіне кіреді. Соңғы 17 жылда жалпы тартылған инвестициялар көлемі 7 млрд доллардан асты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол шамамен 2,5 есе өсіп, 300 млн-ға жуықтады.Бұл туралы Италия Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрімен кездесу барысында еліміздің үкімет басшысы  Әлихан Смайылов мәлімдеді. Тараптар машина жасау, энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ агроөнеркәсіптік сектор, білім беру және басқа да салалар бойынша қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылады. Айта кетейік, Антонио Таяни Астанаға ресми сапармен келді. Сонымен қатар кеше Сыртқы істер министрлігінде қос тарап арасында серіктестікті кеңейту туралы келіссөздер өтті. Онда Алматыда Орталық Азиядағы тұңғыш италиялық мәдениет институты ашылатыны белгілі болды, ал қазақстандықтарға Шенген визасын алуды жеңілдетеді.

 

Антонио Таяни Италия министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі:
-Еуропаға сапар жасауға ниет білдірген қазақстандықтар үшін виза мәселелеріне келетін болсақ, біз елдеріңіздің азаматтарының Еуропаға кіруі үшін жағдайды жеңілдету бағытында жұмыс істейтін боламыз. Біздің елшілік бұл тұрғыда жылдам әрекет етеді. Италияға апта сайын екі тұрақты рейс бар. Біз туристік секторды одан да жақсартқымыз келеді.

 

Алдағы уақытта тараптар түрлі салаларда 20-дан астам бірлескен индустриялық жобаларды дамытуды жоспарлап отыр. Олардың құны шамамен жарты миллиард долларды құрайды. Бүгінде Қазақстанда 270-ке жуық италиялық компания табысты жұмыс істеуде.