Қазақстан Иорданияға экспорт көлемін 250 млн долларға ұлғайтуға дайын

Қазақстан Иорданияға экспорт көлемін 250 млн долларға ұлғайтуға дайын

Қазақстан мен Иордания ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Қазіргі таңда біздің ел Иордания нарығына жалпы құны 250 млн доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын. Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Король ІІ Абдалла шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Біздің Мемлекет басшысы Қазақстан араб әлеміндегі сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктес Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. Екі елді саяси және экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдде ғана емес, дін, толеранттылық дәстүрі және өзара құрмет секілді ғасырлар бойғы құндылықтар біріктіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің салиқалы әрі сарабдал көшбасшылығыңызды, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше рөліңізді атап өткім келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Иордания Таяу Шығыстағы тұрақтылық мекеніне айналды. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін.

Еске сала кетейік, биыл ақпан айында Қазақстан Президенті Иорданияға ресми сапармен барған болатын. Сапар барысында тараптар тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқан еді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Иордания мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесін қабылдап, бірқатар ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойды. Бүгін Астанада тараптар ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін анықтауға ниетті. Бұл жолы Қазақстан Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, туризм, және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор. Өз кезегінде Иордания тарапы медицина, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге мүдделік танытты.

Абдалла ІІ бен әл-Хусейн, Иордания Хашимит Корольдігінің Королі:

- Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін.

Бұдан басқа, тараптар атом өнеркәсібінде әріптестік орнатпақ. Ал келер жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл қадам өзара туристтік әлеуетті арттырып, екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады.

Сондай-ақ, бүгін елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқаны үшін Королі ІІ Абдалла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?