Қазақстан Еуропаға жасыл қуат көзін экспорттамақ. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады. Қазақстан, Әзербайжан мен Өзбекстан жаңартылатын энергия түрлерін дамыту саласында әріптестік орнату және жаңа нарықтарға таза қуат көзін тасымалдау туралы келісімге қол қойды. Ташкентте өткен халықаралық экономикалық форум аясында жасалған бұл мәміле бойынша Каспий теңізінің түбінде жоғары вольтты кабельдерді бірлесе тарту көзделген. Министрдің сөзінше, әзербайжандық әріптестер бүгінде дәл сондай желіні Қара теңізде орнату мәселесімен айналысып жатыр. Жалпы, 3 мемлекет те жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген қуатты әлеуетті нарықтарға экспорттауға ниетті екенін тілге тиек етті.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-Салынайын деп жатқан инвестиция көлемі өте үлкен. Біз 7 гигаватт қуатты қолданбақпыз. Өзбекстанда – 5 гигаваттқа дейін қуат бар. Бұл дегеніміз Каспий және Арал маңындағы желдің бүкіл әлеуетін осы мақсатта қолданамыз. Қазір біз техникалық-экономикалық негіздеу жұмыстарын бастадық. Оған сәйкес, құрылыстың басталу уақыты да белгіленеді. Техникалық-экономикалық негіздеменің қорытындысын жыл соңына дейін аламыз деп жоспарлап отырмыз.