Қазақстан 2022 жылдың бірінші тоқсанында шет мемлекеттермен 28 миллиард 700 миллион долларға сауда жасады. Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 45%-ке артқан. Бұл ретте сыртқы нарықтарға жеткізілім көлемі бірден 66 процентке өсіп, 19 миллиард доллардан асты. Бұл жөнінде Қазақстан экономикалық зерттеулер институты мәлім етті. Отандық тауарлардың басым бөлігі Еуроодақ елдері және Қытай мен Ресейге жөнелтілді. Тізімде әдеттегідей өндіруші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдері көш бастап тұр. Осылайша, қаңтар-наурыз айларында мұнай, катодты мыс және ферроқорытпа экспортының өсімі байқалды. Сонымен қатар, азық-түлік өнімдерінің ішінде ұн, күнбағыс майы, макарон өнімдері де айтарлықтай өскен. Жалпы, Қазақстанның тамақ өнеркәсібі тауарларының экспорты 44%-ке көбейді.