Жыл басынан бері елімізде 12 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелді. Бұл жөнінде арнайы баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді. Оның дерегінше, ғаламтор қылмыскерлерінің арам пиғылдарына сенген ел азаматтары 7 миллиард теңгесінен айрылған. Қазіргі таңда 571 интернет-алаяқ ұсталып, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Бұндай қылмыстар көбіне Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысында жиілеп кеткені байқалады. Интернет алаяқтардың заңсыз әрекеттеріне жем болмау қамында ішкі істер министрлігі халыққа ескертулер сипатындағы SMS-тер жіберіп жатыр.
Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі Істер министрлігінің өкілі:
– Жыл басынан бері елімізде 12 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелді. SMS арқылы алаяқтық туралы халықты бірыңғай хабардар ету туралы 4 тамызда Ішкі істер министрінің Цифрлық даму министрлігінің өкілдерімен және байланыс операторларымен кездесуінде айтылған болатын. Мобильді байланыс Қазақстанның әрбір тұрғынына, тұрғылықты және орналасқан жеріне қарамастан, SMS арқылы алаяқтық фактілері туралы ақпарат жеткізуге, жедел хабардар етуге мүмкіндік береді. Тарату жүйесінің шектеулеріне байланысты SMS мәтіндеріндегі таңбалар саны шектеулі. Сондықтан, хабарлама мәтіні қысқартылған. Ішкі істер министрлігі барша азаматтарды сақ болуға шақырады.