Астанада 22 рет дәстүрлі футзалдан халықаралық турнир өткізіліп жатыр. Қазақстанның
әуесқой құрамасы теңбіл доп ойынының бұл түрі бойынша әлемдік рейтингте бірінші
орында келеді. Айта кетейік, шағын футболдың SOCCA форматында ел құрамасы
екінші рет қатарынан Еуропа чемпионы атанды. Молдова астанасы Кишиневте өткен
Кәрі құрлық біріншілігінде ақтық сында отандастарымыз Хорватия құрамасын 3-0
есебімен ойсырата ұтты. Осының арқасында отандық футзалды дамытып келе жатқан ASTANA
FÝTBOL LIGASY Азия құрлығындағы осы спорт түрін дамытуға да басшылық етеді.
Серік Мажитов, SOCCA форматындағы мини-футболдан Еуропа чемпионы:
-Құрлықтық додада өнер көрсету, әрине, қиын. Алдыңғы жылы
«Сайран» командасы Қазақстан атынан чемпион болып келген. Сол жетістіктің
Қазақстан үшін кездейсоқ емес екенін дәлелдеу керек болды. Сол атақты лайықты
қорғап, Қазақстанның намысын қолдан бермедік деп ойлаймын.
Мұрат Елеупов, ASTANA FÝTBOL LIGASY президенті:
-Биыл біз SOCCA форматында Азия Чемпионатын өткізуді
жоспарлап отырмыз. Әзірге бұл жоспарлану үстінде. Өйткені, ең алдымен өзге Азия
елдеріндегі әріптестерімізбен байланыс орнатуымыз қажет. Қазірдің өзінде
Азияның 29 елінде бұл спорт түрі бар. Алғашында бұл форматты дамыту үшін
аздаған командалармен жарыс ұйымдастырмақпыз. Одан кейін, аяққа нық тұрып, ол
турнир әлем чемпионаттарына іріктеу ретінде қарастырылатындай дәрежеге
көтереміз.