Ел басына күн туғанда ерлермен қатар жауға қарсы шапқан батыр қыздардың ерлігіне тарихымыз куә. Бұрымдыларымыз Екінші дүниежүзілік соғыста да қайсарлығын мойындатты. Қазіргі таңда әскердегі бұрымдылар ешкімді таңғалдырмайды. Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт тірлігіне сызат түсірмеудің қамында әуе, теңіз және құрлықта ұшқыш, мерген, барлаушы және басқа да қыздар жауынгерлік сапта тұр. Ел қалқанын құрған нәзік жандылардың бірі – Нүрия Келдібаева.
Нүрия Келдібаева, ҚР ҚК ӘҚК 19132 ә/б инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің ұйымдастыру-жоспарлау қызметінің бастығы:
- Отан қорғау саласында қызмет еткен кезде әскери әйелдерге ешқандай бөлек тапсырма берілмейді. Яғни күндіз-түні тапсырма берілді ме, оны сен бәрімен бірдей жүгіңді алып, қаруыңды қабылдап, тапсырмаңды орындауға сақадай сай болуың керек. Осыны жұмысымның ерекшелігі деп айта аламын. Әйел адам, ер адам деп бөлінбейді. Аспан әлемін бағындырған әскери әуе күші саласында қызмет ету нақты шеберлікті, жоғары жауынгерлік дайындықты ұстауды талап етеді.
2004 жылы әскери қызметке алғаш келген қатардағы жауынгер бүгінде еліміздің әскери әуе күшінің бөлімін басқарады. Мінсіз қызметі үшін майор шенін мерзімінен бұрын алған офицер әскери авиациялық техниканың сақтығына жауапты.
Нүрия Келдібаева, ҚР ҚК ӘҚК 19132 ә/б инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің ұйымдастыру-жоспарлау қызметінің бастығы
- Менің қазіргі атқарып отырған қызметім бөліміміздің авиациялық техникаларын жоғары жауынгерлік дайындықта ұстап, олардың жарамды жағдайын әрдайым қолдап, әскери техникаларда көрсетілетін түрлі қызмет көрсету жұмыстарын жоспарлап, есепке алып, инженерлік авиациялық қамтамасыз ету бағытында іске асырып отыру.
Еліміздің Қарулы Күштерінің қатарындағы арулар Отан қорғау жолында ер мінездік танытқанымен бойындағы нәзіктігін еш жоғалтпайды. Маңызды әрі жауапты қызметімен бірге ана, жар міндетін қатар алып жүр.
Нүрия Келдібаева, ҚР ҚК ӘҚК 19132 ә/б инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің ұйымдастыру-жоспарлау қызметінің бастығы:
- «Әйел адам бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесік тербетеді» дейді ғой. Ошақ басын, отбасын ұстап отыру маған қиын емес. Себебі отбасымда қос қарлығашымды тәрбиелеуде өзімнің аналық сезімімді аяған емеспін. Жолдасым екеуіміз бірігіп тәрбие берудің арқасында қыздарымыз оқу орындарын «үлгілі», «жақсы», «өте жақсы» деген атақпен бітіріп, жоғары маман иелері болып отыр.
Бүгінде Қазақстан әскерінің барлық тетігінде 7 мыңға тарта әйел келісімшарт бойынша қызмет етеді. Оның 800-ге жуығы офицер атағына ие. 45-і мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов