«Қазақстан – Батыс пен Шығыс арасындағы көпір». Америкалық The National interest журналында Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жетінші съезінің басты үндеулеріне тоқталып, форумның құрылу тарихын баяндайды. Президент әлем қауымдастығының назарын бүгінгі күні кедергілер құрудың орнына көпірлер салуға, жақындасуға бет алу керектігіне аударады. Бейбітшілік орнату жолында жанашырлық, әлеуметтік әділдік және адамгершілік сынды ортақ құндылықтарды дәріптеу керек, деп жазады Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2003-ші жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық форумның күрделі мәселелер талқыланатын маңызды да беделді алаңға айналғанын атап өтеді. Сондай-ақ, қайшылықтары бар тараптар үшін Қазақстан өз төрін беруге дайын екенін жеткізген.