Женевада ұйымдастырылған адам құқықтары бойынша БҰҰ кеңесінің 49-шы сессиясына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, СІМ Мұхтар Тілеуберді қатысты. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы осы саладағы БҰҰ-ның жоғары органдарымен еліміздің бірлескен жұмыс тәжірибесі және қаңтарда Қазақстанда болған оқиғаларды тергеу барысы туралы айтып берді.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, СІМ:
- Наурыз айының ортасында Президентіміз тергеу шараларының алғашқы қорытындыларын жариялайды. Оған қоса тергеу амалдары кезінде ұсталғандар құқықтарының сақталуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Адам құқықтары бойынша омбудсменіміз және үкіметтік емес ұйымдар ұсталғандарды азаптау жағдайларын анықтаған. Бұл істер Бас прокуратурада қаралып, сотқа тапсырылады. Әр жағдайды мұқият бақылауда ұстап отырмыз.
Мұхтар Тілеуберді комитеттегі әріптестерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыру барысымен таныстырды. Қазақстан адам құқықтары жөнінде негізгі 8 халықаралық келісім және олардың 6 факультативті хаттамасын ратификациялады. Президентіміздің бастамасымен елде саяси реформалардың 4 пакеті жүзеге асып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты енгізіліп, бейбіт жиналыстар мен кәсіподақтар жөнінде жаңа заңдар қабылданды.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, СІМ:
- Өз сөзімде Қазақстанда өткізіліп жатқан саяси реформалар жөнінде толық ақпарат бердім. Бүкіл халықаралық қауымдастық елімізде болып жатқан өзгерістерді байқап, Президентіміз жүргізіп жатқан саяси реформаларына үлкен қолдау білдіріп отыр.
Министр Қазақстан саяси жаңғыру, ашық экономика және сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытынан айнымайтынын атап өтті. Жаңа Қазақстанның күн тәртібінде ең алдымен азаматарының тұрмысын жақсарту міндеті тұр.