Қасым хан туралы тарихи блокбастердің түсірілім жұмыстары аяқталды. «Ұлы дала таңы» деп аталатын патриоттық фильм қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы туралы баяндайтын болады. Режиссер Ақан Сатаевтың толықметражды картинасы еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілді. Жаңа фильмді биыл Қазақстан тәуелсіздігі күні қарсаңында көрермен назарына ұсыну жоспарланып отыр.
Ақан Сатаев, фильм режиссері:
- Біз «Ұлы дала таңы» фильмінің түсірілімін аяқтадық. Көрерменнің көңілінен шығатындай сапалы дүние жасауға тырысып жатырмыз. 16 желтоқсанда қазақстандықтар назарына ұсынбақпыз. Бәрі жоспар бойынша, енді монтаждауға кірісеміз.
Ауқымды жобаның түсірілім жұмыстары былтыр қыста Алматы облысының аумағында басталған. Фильмдегі басты рольдерді сомдау Берік Айтжанов, Данияр Оразалиев, Ерік Жолжақсынов, Айдос Әбдіқадіров сынды еліміздің белгілі актерлеріне сеніп тапсырылды. Картинада Қасым хан билік еткен тұстағы кезеңнің оқиғалары суреттеледі. Дәл сол дәуірде – XVI ғасырда Қазақ хандығы өсіп-өркендеп, әскери қуаты арта түскен.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов