Елордалық «Астана Опера» театрының қоржынында тағы бір беделді марапат. Театр режиссері Еренбақ Тойкенов Мәскеуде өткен халықаралық «Нано-Опера» байқауында жүлделі екінші орынға ие болды. Белді сайыста жас маман қазыларға кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін және шыңдалған шеберлігін ғана емес, сондай-ақ отандық операның режиссура саласында бәсекеге қабілетті екенін де шебер көрсетті. Қазақстандық қатысушының таланты басқа номинацияларда да аталғанын айта кеткен жөн. Нақтыласақ, көрермендер көзайымы мен «Опералық режиссура өнеріне жасампаз көзқарасы үшін» сыйлығын алды. Байқау үш кезеңнен тұрды. Біріншісінде олар ариямен, екіншісінде - дуэтпен, үшіншісінде – жаппай сахнамен жұмыс істеді. Қазылар алқасының назарына Еренбақ Тойкенов ДжАкомо Пуччинидің «Турандот», Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» және Жорж Бизенің «Кармен» операларының интерпретациясын ұсынды.
Еренбақ Тойкенов, «Астана Опера» театрының режиссёр:
– Бұл өз алдына үлкен бір тест, емтихан десек болады. Біріншіден, режиссер үшін трамплин. Осындай байқаулардан кейін ұсыныстар келіп түседі. Қазірдің өзінде мен басқа театрлардың ұсыныстарын естіп жатырмын. Бірақ тек нақтыланған соң барып сіздермен бөлісемін. Бұл жерде ең маңыздысы дұрыс сөздерді таңдау. Себебі уақыт шектеулі, тек 10 минут беріледі, ал жаппай сахнаға 15 минут. Ең қиыны да осы, осы уақыт ішінде барлығына үлгеру. Ал қазылаорға келер болсақ, олар өте танымал режиссерлер, көркемдік жетекшілер, барлығы дерлік халық әртістері. Бір сөзбен өз саласының майталмандары.