Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктерге ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті діни ағымдардың мүшелері және бұрын сотты болған адамдар қатысқан. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары Нұрлыбек Сәбитов ОКҚ өткен брифинг барысында хабарлады. Спикердің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін жалпы 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізілді. Қиратулар, мемлекеттік объектілерді өртеу, мүліктерді жою және терроризм актілері Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жасалғаны белгілі.
Нұрлыбек Сәбитов, ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары:
– Бүгінгі күні барлық қылмыстық істер бойынша 286 күдікті қамауда. Олардың қиратуларға, ғимараттарды өртеуге, қаруларды жымқыруға, мемлекеттік объектілерге және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауға белсенді қатысқаны анықталды. Әрбір қамауға алынған адам бойынша олардың қылмыстарға қатыстылығы туралы жеткілікті мәліметтер бар. Қаңтардағы оқиғалар бойынша жалпы сотқа барлығы 474 қылмыстық іс жолданды.
Бас прокуратура өкілінінің айтуынша, жұмыстың негізгі көлемі жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша жүргізілу үстінде. Мыңнан астам адам істер бойынша күдікті ретінде танылып, олардың әрқайсысымен жауап алу, беттестіру, айғақтарды орнында тексеру және нақтылау сияқты және басқада кешенді тергеу әрекеттері жүріп жатыр.