Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.

Құрметті отандастар!

Қадірлі ағайын!

Баршаңызға тағы да айтарым: іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Бірақ, бізге өзара сенім және өзара диалог керек.

Ал жастарға айтарым: жарқын болашақтарыңа балта шаппаңыздар, жақындарыңыз бен туған-туысқандарыңыздың жағдайын ойлаңыздар.   

Жалпы, барлық заң аясындағы өтініштер мен талаптар ескеріледі, тиісті шешімдер қабылданады.

Ертең осы мәселелер бойынша арнайы жиналыс өтеді.

Мен баршаңыздың парасаттылықтарыңызға сенемін. Сіздердің амандықтарыңыз бен тұтас еліміздің қазіргі әлемдегі жағдайы осыған байланысты.

 

Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Президент телевизия арқылы жасаған үндеуінде айтқандай, іштен және сырттан болған сан түрлі ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдайды деп үміттенеді.

Сонымен қатар Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында коменданттық сағат енгізілді.