ТҮРКСОЙ ұйымы түркі мәдениеті мен өнерінің дамуына айрықша үлес қосқан қайраткерлер мен өнер ұйымдарын марапаттады. «Абай Құнанбайұлы», «Низами Гянджеви», «Шыңғыс Айтматов» және «Халдун Танер», «Тоқтоғұл Сатылған» атындағы алтын медальдар, сондай-ақ естелік табақшалар түркітілдес мемлекеттердің достығын нығайтуға еңбегі сіңген әртістерге табыс етілді. Салтанатты шара түркі әлемі үшін ортақ Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды.
Бағдат Тілегенов, «Сазген сазы» фольклорлық-энографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі /Қазақстан/:
- Әрине, біздің жасаған жұмысымыз мемлекеттеріміз арасындағы достығымызды нығайтады. Оның келешегі мол деп ойлаймын. Өзбекстан, Әзербайжан, Америка, тіпті Жапонияда концерт бердік. Әр концерттің өзіндік ізі бар. Осындай түркітілдес ұйым, мемлекеттер мен олардың мәдени мұралары халықтың есінде қалады. Біз де «ТҮРКСОЙ» оркестрінің құрамында жүргенімізге өте қуаныштымыз. Алда әлі талай жоспарымыз бен тың шығармаларымыз бар.
Динара Ибрагимова, «Хорезм» музыкалық драма театрының директоры /Өзбекстан/:
- Осы сәтті пайдала отырып, Дүйсен Қорабайұлы бастаған халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына марапатпен елеп-ескеріп жатқандығы үшін алғыс айтқым келеді. Шақырту, сый-құрмет пен марапаттарыңыз үшін көп рақмет! Мен үшін күтпеген тосынсый болды.
Сайрабү Челекеева, солист /Қырғызстан/:
- Мен үшін күтпеген сый болды. ТҮРКСОЙ ұйымын жаныммен сүйемін. Еңбегімді бағалап, осындай сыйлыққа лайықты етіп жатқанына рақмет! ТҮРКСОЙ-дың өсіп-өркендеуіне шын жүректен тілектеспін.
Айта кетейік, қазіргі таңда ТҮРКСОЙ ұйымы 350-ге тарта түркітілдес ел өнерпаздарының басын қосып, Наурыз мерекесіне арнап екі апталық бағдарлама әзірлеген. Ауқымды шара 2022 жылдың мәдени астанасы деп танылған Бурса қаласында осы айдың соңында қорытындыланбақ.