Қазақстанда талапкерлерге қажет ақпарат жиналған мобильді қосымша іске қосылады

Қазақстанда алғаш рет талапкерлерге қажет ақпарат жиналған мобильді қосымша іске қосылады. Отандық әзірлеме жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне нағыз көмекші болмақ. Себебі қосымша жастарға еліміздің жоғары оқу орындары мен мемлекеттік және басқа да гранттық бағдарламалар туралы барлық ақпарды біліп, көріп отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірлердегі бос жұмыс орындары туралы толық мағлұмат алуға болады. Жоба ұйымдастырушылары оны алдағы бір-екі ай ішінде іске қосуды жоспарлап отыр.

Азат Теңгебаев, Қазақстан студенттер Альянсының атқарушы директоры:

– Оған не кіреді? 9-11 сынып оқуышлары, колледж студенттері, түлектер мобильді қосымшаға кірген уақытында ЖОО-ны таңдауына болады. Себебі елдегі ЖОО-лардың сайттарына кіріп қарасақ ондағы ақпарат жеткіліксіз және түсініксіз.

Амина Дарибекова, Қазақстан студенттер Альянсы Төрағасының бірінші орынбасары:

– Мобильді қосымшаның ең негізгі фишкасы – Холланд тесті. Бұл тест адамның қандай да бір кәсіпке бейімділігін анықтауға арналған. Яғни сол арқылы талапкер өзіне жақын мамандықты таңдай алады. Тапсыру тегін.

Айта кету керек, жоба  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранты негізінде жүзеге асты.  Бұдан бөлек  53  тақырып бойынша мемлекеттік гранттар ұсынылды.  Олар  түрлі әлеуметтік салалардағы адам құқықтарын, балаларды қорғау, гендерлік теңдікті дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған орта, ұлттық бірлікті ілгерілету сияқты 15 бағытты қамтиды.

Ғалым Құрман, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы:

– Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы азаматтық белсенділікті жандандыруда көптеген шараларды қолға алып отыр. Гранттардың 30-ы отбасы саясатын дамытуға бағытталған. Шамамен 600 млндай теңге бөлініп отыр.

 

Автор: Гүлбану Тәжібек