Қазақстанда электрондық коммерция белсенді дамып келеді. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда елімізде онлайн сауданың қызып тұрған шағы. Мәселен, 2019 жылы 700 млрд теңгеден сәл жоғары сауда жасалса, өткен жылы 1,1 трлн теңгеден асқан. Осылайша интернеттен сатып алушылар саны артып, өсу динамикасы 20% жеткен.
Сонымен қатар экономистер электрондық коммерциямен қатар қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі де артқанын айтады. Мәселен, тек осы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 13 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп. Сарапшылар атап өткендей, жалпы көлемнің 82% интернет және мобильді банкинг арқылы жасалған қолма-қол ақшасыз операцияларға тең келеді.
Сонымен бірге олар алдағы уақытта, 2025 жылға қарай Қазақстандағы электрондық сауданың үлесі осындай қарқынмен кем дегенде 15% жуықтайды деп болжайды.