Төрт түліктің сүйегінен жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдар. Қарағанды облысының тұрғыны Жомарт Мәлік сүйектен түрлі құрал-сайман, тұрмыстық бұйым, ыдыс-аяқ пен тостағанды ойып жасайды. «Жасалған бұйым жақсы көрінуі үшін материалды дұрыс сақтау қажет», – дейді шебер. Сүйектен бөлек, былғары мен ағаштан да көздің жауын алатын көркем дүниелер жасайды. Жомарт Мәліктің айтуынша, төрт түліктің сүйегі ғана емес, мүйізі, тұяғы, тіпті тістері де іске жарамды.
Жомарт Мәлік, қолөнер шебері:
- Етті жеген соң сүйектері қалады. Сол сүйектерді сода қосып тағы бір мәрте қайнатамын. Сода майын кетіреді және оны жұмсартады. Көбінесе жауырын сүйектерін оямын. Сүйекке түрлі ұлттық нақыштағы суреттерді бейнелеймін.
Қолөнердің ұмыт болып бара жатқан көне түрін насихаттап жүрген Жомарт Мәлік тегін шеберлік сабағын өткізіп тұрады. Осы күнге дейін талай шәкірт тәрбиелеген. Арасында кәсіби тұрғыда айналысып жүргендері де бар.
Ақылбек Ерлан, Сарытөбе орта мектебінің оқушысы:
- Жомарт мұғалімнің қолынан шыққан бұйымдары, қобыздары мен киіз үйлеріне қызығып, «Жас шебер» үйірмесіне келдім. Сүйектерден, ағаштардан көптеген зат жасалады. Сондай-ақ мүйізден балық, түрлі мүсін жасауға болады.