Қазақстанда «SANA» ғылыми ғарыш тәжірибесі аяқталды

Қазақстанда «SANA» ғылыми ғарыш тәжірибесі аяқталды

Он күндік толық оқшаулау. Астанада «SANA-1» әйелдер экипажын дайындау бойынша Қазақстандағы алғашқы бірегей ғылыми тәжірибе аяқталды. Бұл жоба қатысушылары ғарыш кемесіне ұқсас арнайы капсулада оқшау өмір сүрді. Ұзақ ғарыштық ұшу жағдайларын қайталайтын арнайы гермокапсуланың ішінде барлығы орбиталық станциядағыдай. Сумен жабдықтаудың автономды жүйесі, климат-бақылау және өсімдіктері бар шағын бөлік қарастырылған. Командалық пунктте - инженер және зерттеуші қыздардың жұмыс орындары, басқару симуляторлары және ұшу сценарийін әзірлеуге арналған жүйелер орналасқан.


Дарья Комарова, жобаға қатысушы:

- Қорқыныш болған жоқ. Бәрі – беймәлім кеңістік, жаңа адамдар. Бірақ екі-үш күннен соң үйренісіп кеттік. Басты мақсатымыз нәтижелі жұмыс жасау. Жады мен зейінге, жылдамдыққа арналған түрлі сынақтар орындадық, мидың белсенділігі де бақыланды.

Экипаж мүшелері толық медициналық және психологиялық сынақтар кешенінен өтті. Команда оқшау ортада адамның психоэмоционалдық тұрақтылығын сынады – бұл нағыз ғарыштық сапар алдындағы дайындықтың бір кезеңі. Сонымен, алдын ала талдау бойынша, алғашқы күндері қатысушылар жігерлі болғанымен, уақыт өте күйзеліс пен енжарлық байқалған. Демек, адамның ғарыштағы өмірі тек технологияға емес, қарапайым адами қарым-қатынасқа да тәуелді. Сондай-ақ, капсуланың инженерлік жүйелері бағаланды.


Алина Гуторева, жобаның ғылыми жетекшісі:

- Он күн – қысқа мерзім, бірақ осы уақыттың өзінде адаптация кезеңін толық байқадық. «Марс-500» не «Сириус» секілді жобалармен салыстырғанда, біздің тәжірибе де өз нәтижесін көрсетті. Алдағы аптада толық талдау жасаймыз.

«SANA» – қазақстандық ғылымның жаңа белесі. Бұл тәжірибе әйелдерге ғарыштық зерттеулерге жол ашып, отандық ғарыш саласында тың бағыт қалыптастырды. Экипажды жаттықтыру әдістемелерін құру және ұзақ мерзімді планетааралық миссиялар үшін капсулаларды жобалау үшін негіз болды. Оның үстіне дәл осындай жобалардан отандық ғарышкерліктің жаңа дәуірі басталады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?