Зауыттарды цифрландыру. Қарағанды облысының кәсіпорындар базасында екі ірі жоба іске асырылды. Бұл Индустрия 4.0 бағдарламасы аясында жүзеге асты. Енді енгізілген технологиялардың арқасында бір ғана адам бір мезетте бірнеше қондырғыны басқара алады. Жұмысшыларға жүктемені төмендету мен өнім сапасын арттырудан бөлек, цифрландырудың екі маңызды артықшылығы бар. Бұл – жоғары өнімділік пен еңбек қауіпсіздігі. Заманауи технологиялар тіпті көмірді экологияға зиян келтірмей өңдеуге де мүмкіндік береді. Енді 2025 жылға дейін өңірдің ең ірі 11 кәсіпорнында 40-қа жуық цифрлық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Андрей Сафонов, зауыттың өндіріс жөніндегі директоры:
- Өндірісті толық жаңғыртудың арқасында еңбек өнімділігін арттырып, технологиялық мүмкіндігімізді кеңейттік. Яғни өнімділікті 30-дан 300% дейін арттырдық. Мұнай-газ, теміржол, энергетика салаларына өнім өндіре бастадық. Модернизацияның келесі кезеңінде автоматты құрастыру желілерін іске қосамыз. Бұл – 2022 жылғы жобамыз. Яғни жылына 12 мың тоннаға дейін ірі көлемді құйма өндірісін жаңғыртамыз.
Әлібек Молдакәрімов, Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Елімізде «цифрлық модельді фабрикалар» деген ұғым бар. Соның ішінде екі фабрика біздің облысымызда іске асырылуда. Цифрлық жобаларды іске асырғандағы ең басты мақсатымыз – еңбек қауіпсіздігі.