Қарағандылық ғалымдар үшін археологиялық маусым олжалы болды. Талды тарихи - археологиялық саябағындағы қазба кезінде салмағы 25 келі тартатын мыс қазан табылды. Қазір көне жәдігерді білікті маман, консервация және реставрация жөнінен жеке әдістеменің авторы Қырым Алтынбеков зерттеп жатыр.
Қырым Алтынбеков, ғылыми-реставрациялық зертхананың жетекшісі:
– Бұл біздің дәуірімзге дейінгі 3-4 ғасыр. Жетісулыққа ұқсайды. Бірақ жәдігердің неге осы жерден табылғаны белгісіз. Археологтар мұны ғұрыптық қорған дейді. Оның бәрін зерттеу барысында анықтаймыз.
Ыдыстың ішінен ежелгі темір дәуіріне тиесілі қымбат бұйымдар табылған. Ол қоламен безендірілген ат әбзелдерінің бөлшектері.
Игорь Кукушкин, археолог:
– Ең қызық олжа жан-жануарлардың бейнесі болып отыр. Жылқының суреттерінен жүгендерді де көруге болады. Жыртқыш аңдардың суреттері де бар. Жолбарыстың ақсиған тістері салт аттыны қорғауда магиялық рөлге ие болған. Немесе оның қай тайпаға жататынын білдірген.
Елімізде осы тектес бірнеше қазан бар екен. Олар осы жерден шалғай жатқан Жетісу өңірінен табылыпты. Жаңа жәдігер бірнеше ай көлемінде тыңғылықты зерттеледі. Оның қай музейге қойылатынын республикалық комиссия жуырда шешеді.