Ол еліміздің 13 әуе айлағында жұмыс істейтін болады. Бұған дейін Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Семей, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Көкшетау және Түркістан қалаларында қолданылған еді. Енді бұл режим Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайына да енгізілді. Сала мамандарының айтуынша, мұндай шешім жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, бәсекелестікті дамытуға және жаңа халықаралық бағыттарды ашуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, бұл әуе билетінің төмендеуіне де әсер етеді. Жалпы, «Ашық аспан» режимі рейстер санына қатысты барлық шектеулерді алып тастауды және қазақстандық авиакомпаниялар жұмыс істемейтін бағыттар бойынша шетелдік әуекомпанияларына бесінші дәрежелі «әуе еркіндігін» беруді көздейді. Сондай-ақ, кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, режимді ұзарту еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға да оң әсер етеді.
Тимур Тілегенов, ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасы орынбасары:
- Жаңа халықаралық бағыттардың ашылуы, ашық аспан режимінің енгізілуі – бұл транзиттік әлеуетті дамытуға ықпал етеді. 2019 жылдың аяғында, пандемияға дейін бізде Қазақстан арқылы транзиттік рейстермен миллионға жуық жолаушы тасымалданды. Өкінішке орай, коронавирус инфекциясына байланысты көрсеткіш бірашама азайды. Енді эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруымен осының бәрі қайта жанданып, сол нәтижеге қол жеткізіп, одан да асып түсеміз деген ниет бар.
Қазақстан бойынша әуе көлігімен тасымалданған жолаушылар саны өткен жылы барлық рекордтарды жаңартқанын атап өткім келеді. 11 айдың қорытындысы бойынша ол 10 миллионға жуық адамға жетті. Сонымен қатар, сарапшылардың болжамы бойынша, жыл бойына көрсеткіштер тағы 800 мыңға артуы мүмкін.