Мемлекеттен өтемақы алған қазақстандық кәсіпкерлер табыс салығын төлеуден босатылады. Аталған шара қаңтар оқиғасы кезінде шығынға ұшыраған кәсіпкерлерге қолданылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті. Нақтыласақ, Шағын және орта бизнес өкілдері жылдық табыстарынан төтенше жағдай кезінде келтірілген залалды өтеу үшін мемлекеттік қазынадан алған қаражаттарын алып тастауға құқылы. Әрине, бұл жерде субъект әкімдік құрған комиссияның тізіміне енгізілген және тиісті шешімі шығарылған болса ғана түзету жасай алады. Кәсіпкерлер барлық өтемақы төлемдерін салық декларациясында көрсетуге міндетті екенін айта кеткен жөн.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер Комитеті Басқарма басшысының орынбасары:
– Сондай-ақ, егер шағын және орта бизнес субъектілері комиссияның шешімі бойынша ТЖ кезінде тауарлардың бүлінуі немесе жоғалуы салдарынан мүліктік зиянды өтеуге ақша алса, онда ақша алушы бұрын осындай тауарлар бойынша есепке жатқызылған Қосымша құн салығының сомасына түзетуді көрсетуі тиіс. Бұл түзетуді салық төлеуші міндетті түрде ҚҚС декларациясында көрсетуі керек.