Қазақстанда интерактивті карта мен 50 мыңнан аса геологиялық есептер қамтылған Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды. Сондай-ақ елде бизнестің барлау және өндіру жұмыстарына лицензия алу тәртібі жеңілдетілді. Бұдан бөлек саланы дамытудың кешенді жоспары қабылданған. Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау мен кен өндіру саласында қабылданған реттеу шаралары туралы «өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы» ұйымының басқарма төрағасымен кездесуде айтты. Президент Хелен Кларкпен әңгіме барысында Қазақстан аталған ұйым стандарттарын сақтауға бейілдігін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Елімізде жер қойнауын пайдаланушылардың ұйым талаптарын сақтау міндеттемелері және бюджетке аударатын салық пен басқа да төлемдері бойынша есебі заңнамалық деңгейде бекітілді. Өз кезегінде Хелен Кларк ұйымның алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарымен және басым бағыттарымен бөлісіп, қолға алынған шараларға жоғары баға берді.
Әсел Күшенғалиева

