Президент қыркүйекте жаңа Қазақстанның дамуы бойынша нақты шешімдерді ұсынады. Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасап, еліміздің алдағы даму саясатына арнайы тоқталды. Ол Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді деді. Сондай-ақ, ол Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге дауыс беру ел тарихындағы маңызды оқиға болғанын, сайлаушылардың жоғары белсенділігі мен олардың көпшілігінің түзетулерді қолдауы қоғамның кемелдігі мен жауапкершілігінің дәлелі деп қосты. Мемлекет басшысы қабылданған өзгерістер республика өмірінің әрбір саласына және әрбір азаматқа жеке әсер ететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді. Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек. Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет.
Сонымен қатар, Президент ұлттық құрылтай құрылатынын хабарлады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі.