Қазақстандықтарды Украинадан Польша арқылы эвакуациялайтын үшінші рейс дайындалуда. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір бортты толтыру мақсатында қазақстандықтарды жинап жатыр. Қазірдің өзінде Польшада шамамен 70-ке жуық отандасымыз елге қайтатын рейсті күтіп отыр. Олар ел азаматтарын сабыр сақтауға шақырып, отандық дипломаттарға өздері жайында хабар беруді сұраған. Сыртқы саясат ведомствосының мәліметінше, тағы 89-ға жуық отандасымыз Украина-Польша шекарасына қарай бет алды.
Дмитрий Щебет, ҚР азаматы:
- Киевтегі елшіліктен шыққан жерлестеріміздің үш автобусын күтіп отырмыз. Украина аумағында жүрген қазақстандықтарға үндеу жолдағым келеді. Достар, Киевтегі елшілікке, Львовтағы құрметті консулдыққа барыңыздар. Қоңырау шалып, дипломаттармен байланысқа шығыңыздар. Олар сіздерге міндетті түрде көмек көрсетеді. Азық-түлік, баспанамен қамтамасыз етеді. Біз сіздерді күтеміз.