Қ. Тоқаев: Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде барлық мақсат-міндетті толығымен орындады

ШЫҰ-на төрағалығы барысында Қазақстан өзіне жүктелген мақсат-міндеттерді толығымен орындады. Ұйым мүшелері мен бақылаушы елдер, беделді халықаралық құрылым өкілдерінің пікірі осыған тоғысады. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев та атап айтты. Еліміздің ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өтті. Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толығып, серіктестер саны едәуір артты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Біздің көпжақты ынтымақтастығымызға жаңа серпін беруге бағытталған ұсыныстарды таныстыруға рұқсат етіңіздер. Бірінші кезекте, бейбіт, тұрақты дамуды қарастыратын күн тәртібін бірлесе ұсыну – біздің ойымызша ең маңызды фактор. БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойына және БҰҰ мен ШЫҰ әріптестігінің 20 жылдық мерейтойына орай, Бас Ассамблеяда «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» атты біздің бастамамызға қолдау ретінде резолюция қабылдауды ұсынамыз.