Вакциналау, онкологиялық диспансерлер, ақпараттық жүйелер, коронавирустық инфекциямен күрес. Бұл – Қазақстан халқын ең көп толғандыратын сұрақтар. «100 күн – 100 сұрақ» жобасы аясында азаматтар еліміздің Денсаулық сақтау министріне өз ұсыныстарын жолдап, сұрақтарына жауап ала алады. Жоба қолға алынғалы бері барлығы 842 өтініш келіп түскен. Тиісті ведомство басышысының айтуынша, оның 50-ден астамы жедел шешілсе, қалған 792-сі жұмысқа қабылданған.
«Сіздердің идеяларыңыз, ұсыныстарыңыз біз үшін аса құнды. Оларды егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін медициналық көмекті ұйымдастыруды жетілдіру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кадрлық әлеуеттің сапасын арттыру және медицинаның басқа да аса маңызды аспектілері жөніндегі жоспарына қосу бойынша жұмыс істей бастаймыз. Өтініштердің саны күн сайын артып келеді, әрбір мәселе бойынша талдау жүргізілетініне және қойылған сұрақтардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынына кепілдік беремін», – деп атап өтті Ажар Ғиният.
Сонымен қатар ведомство басшысы жоба аясында жақын арада халықпен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта министр аймақтарға шығатынын жеткізді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева