Өңдеу секторы, агроөнеркәсіп кешені, көлік, логистика және туризм. Бұл салалар Алматы облысының экономикасын дамытудың негізгі драйверлеріне айналады. Ақордада президенттің қабылауында болған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев осылай деді. Аймақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму серпіні туралы ақпаратпен және оның стратегиялық даму жобасымен таныстырды.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
– Сондай-ақ, аймақтың 2025 және 2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының жобасы ұсынылды. Атап айтар болсақ, инвестиция тарту арқылы біз қазірдің өзінде 290 млрд теңгеге бірқатар индустриялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Ал аграрлық секторға 210 млрд теңге сома көлемінде қаражат қарастырылған. Жалпы, 2025 жылға қарай инвестиция ағыны 1,5 есеге артады.
Жалпы, облыста 38 медициналық нысан мен 51 мектеп салу, сондай-ақ, жетекші жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдарын, дарынды балаларға арналған лицей ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, аймақта инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар құрылысы қарастырылған.