Әлихан Смайылов қазақстандық бизнес жаһандық бәсекеде қабілетті болатын өнім шығаруға қауқарлы екенін айтады. Өз кезегінде мемлекет кәсіпкерлерді қолдауға және оларға қолайлы жағдай жасау үшін барынша тиімді шаралар қабылдауға дайын екенін жеткізді. Қазір Үкімет жүктемені азайтып, салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатқанын айтты. Сонымен қатар іскерлік топтың құқықтарын одан әрі қорғау қамында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізілуде. Оның аясында бизнеске қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып тасталады. Мемлекеттік бақылаудың барлық бағыты бойынша рәсімдер автоматтандырылады. Нәтижесінде жаңа жылдан бастап бизнесті тексеру азайып, тәуекелдерді басқарудың жүйелері жаппай ендіріледі. Бұған қоса елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа моделі әзірленді. Жеке кәсіп иелеріне жергілікті деңгейде жер телімдерін бөлу, инфрақұрылымды жаңғырту және әкімдіктердің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша да қолдау көрсету жалғаса бермек.
Ерік Ахмет, кәсіпорын директоры:
- Біз отандық өнеркәсіпті дамыту туралы ойымызды жеткіздік. Бұл жиын бізге мемлекеттік қолдау, мемелекеттік ынталандыру шаралары бойынша қаржылық мәселелерді талқылауға және отандық тауарөндірушілерді ұзақ мерзімді жобаларға қосу бойынша оң ықпал ететінін айтқым келеді. Біз өз ұсынытарымызды жасадық және оған жауап берілді. Бұдан әрі де орта бизнестің мемлекеттік аппарат, үкіметпен ықпалдастығы бойынша ұсыныстар күтеміз. Отандық тауарларды шетелдік нарыққа шығару бойынша қолдау аса маңызды. Себебі біздің экспорттық әлеуетіміз жоғары.