Қ.Тоқаев Ақтөбе облысына келді

Қ.Тоқаев Ақтөбе облысына келді

Қазақстан Президенті Ақтөбе облысына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге жұмыс сапары өнеркәсіптік өндірістерді аралаудан басталды. Мемлекет басшысы бірінші «Болашақ» шахтасына ат басын бұрды. Нысанның  қуаттылығы жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді. Кәсіпорынға тартылған инвестиция көлемі – 1 триллион теңгеден астам. «Болашақ» шахтасының іске қосылуы Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ. Сондай-ақ салаға жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жергілікті білім беру мекемелерімен танысты. Еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны - Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінде болашақ сала мамандары білім алуда. Оқу үдерісіне теориялық білімді тәжірибемен ұштастыратын озық технологиялар енгізілген. Ал арнайы оқу-шахта полигонында студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, техникамен жұмыс істеудің күрделі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Президент оқу орнының оқушылары және түлектермен әңгімелесіп, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын еске салды.

- Болашақ кен байытушымын. Бұл мамандық жұмысшы мамандықтар қатарына кіреді. Тау-кен саласында маңызды жұмыстың бірін жасаймыз. Яғни хром кенін өңдеп пайдалы компаненттер мен қалдықтарға бөлеміз.

– Мен шахтерлер династиясынан шыққандықтан ата-анамның жолын қуып осы колледжге оқуға түстім. Еңбек табыстың негізі екенін біле отыра біз адал еңбекті таңдаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау № 1 орта мектебінде де болды. Оқу орнында цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Арнайы пилоттық жоба аясында педагогтар қашықтан тәжірибе алмасады. Мемлекет басшысы сондай-ақ онлайн режимде өткен ашық сабаққа қатысып, мектепке автобус сыйлады.

Әсел Күшенғалиева

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?