Биыл Қазақстан мен Испания арасындағы тауар айналымы 850 млн долларға жетті. Тараптар бұнымен тоқталмай бірқатар маңызды салалар бойынша әріптестік аясын кеңейтуге мүдделік танытуда. Олардың қатарында туризм бар. Қос мемлекеттің сыртқы саясат ведомстваларының басшылары кездесу барысында ұлттық вакцина сертификаттарын екі жақты танудың мүмкіндігін қарастыру жөнінде уағдаласты. Сондай-ақ бұл орайда Қазақстан мен Испания арасындағы тікелей әуе байланысын жандандырудың маңызы жөнінде ортақ пікірге келді.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойдық. Бұл ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісім мен ауыл шаруашылығы бойынша әріптестік орнату, қоршаған ортаны қорғау және ресми көмек және дамыту бойынша агенттіктер аясындағы меморандумдар.
Испания Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі. Жергілікті бизнес қауымдастықты Қазақстан экономикасын пандемиядан кейін жандандыру үрдісі таңқалдырды. Испания нарқының ірі ойыншыларының елімізде жұмыс жасау тәжірибесі бар.
Франциско Санчес, компанияның атқарушы вице-президенті:
- Қазақстанның біз үшін маңызы зор. Бұл ел біздің стратегиялық әріптесіміз. Біз Қазақстанға алғаш рет өнімдерімізді 2013 жылдан бері тасымалдай бастадық. Қазіргі уақытта біздің жүк ұшақтарын жеткізу мәселелері белсенді түрде шешіліп жатыр. Олар өте сапалы. Сондықтан осы өңірде сұранысқа ие болатынына сенімдіміз.
Хосе Варгас, компания өкілі:
- Біз Қазақстанмен өзара әріптестік аясын үнемі нығайтып келеміз. Қазақстанның кен өндіру саласында біздің 200-ден астам білікті мамандарымыз жұмыс істейді. Біздің осы саладағы барлық бастамаларға тікелей қатысымыз бар. Өйткені біз осы бағыттты ұзақ жылдар бойы дамытуға ден қойдық. Біз Қазақстанды өндірістік қуаты мол және сол әлеуеті барынша пайдалана алатын ел деп білеміз.