Қазақстанда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын бірқатар ірі зауыт
салынады. Кәсіпорындар 2028 жылға қарай Астана, Алматы және Шымкентте бой
түземек. Оларға құйылған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңгені
құрайды. Жобаларды іске асыру қазіргі заманғы технологиялар есебінен электр
энергиясын өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Экология және табиғи
ресурстар министрлігінің өкілдері Астанадағы X Green Energy & Waste
Recycling Еуразиялық бизнес-форумында айтты. Дәстүрлі жиын Орталық Азия мен ТМД
елдерінен мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, бизнес және сарапшылар
қоғамдастығы өкілдерінің басын қосты. Қазақстанда саланы дамыту үшін жалпы құны
374 млрд теңгеге бағаланған 68 жоба мақұлданды. Олар сұрыптау және қайта өңдеу
кешендерін салуды және жаңғыртуды, сондай-ақ мамандандырылған техниканы
жаңартуды көздейді. Салалық ведомстводағы басым бағыттардың бірі - қалдықтарды
басқарудың барлық жүйесін цифрландыру.
Руслан Түкенов, ҚР Экология
және табиғи ресурстар министрлігі департаментінің директоры
- Мемлекет басшысы үш
жылдың ішінде Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Осыған
орай, біз Жасыл Даму базасында қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық операторды
құрдық. Ол саланы толық бақылауға алу
үшін цифрландыру жобаларын жүзеге асырумен айналысады. Қазір осы бағыттағы
жұмыстарға білек сыбана кірістік. Қоқысты кәдеге жаратуға қатысты барлық
инфрақұрылымдық қуаттарды өзіміз онлайн қадағалайтын боламыз. Барлық жинақталған
деректердің негізінде тиімді басқарушылық шешімдер қабылдаймыз.

